top of page

 

Қысқаша өмірбаяны

Мәншүк Жиенғалиқызы Мәметова (шын есімі Мәнсия) — 1922, Орал облысы Орда ауданы ,— 1943 ж. қазанның 16-ы — қаһарман қазақ қызы, Кеңес Одағының Батыры (1944). Шын есімі Мәнсия. Анасы еркелетіп Моншағым дей бергеннен, Мәнсияның тілі келмей өзін Мәншүк деп кеткен. Мәншүктің өз әкесі - Жиенғали Мәметов. Бірақ Жиенғалидің інісі Ахмет Мәметовте бала болмаған соң, 1925 жылы Мәншүкті сол кісінің қолына берген. Ахмет Саратов қаласында оқып жүргендіктен, Мәншүкті өзімен бірге сол жаққа алып кетеді. Көп ұзамай аласапыран заман басталады да, Ахмет бірнеше жыл ағасымен хабар алыса алмай қалады. Кейін 1931 жылы Алматыға келгеннен соң, жылдың соңында бір-ақ естиді: ағасы Жиенғалидің аштықтан көз жұмған екен. Ахмет Мәметов - қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, өзі Алашордашы, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбановтармен жақын араласқан. Сондықтан да 1938 жылдың қаңтар айында ұсталып кетеді.

Ахметтің әйелі Әмина Мәметова - Әбілқайыр ханның тұқымы. Атасы молда, әкесі елге сыйлы адам болған, өзі патша заманында әйелдер гимназиясында оқыған, Саратовта аспирантура бітірген, елге келген соң әдебиет пәнінің мұғалімі болып, сол кездегі газеттерге сыни мақала жазып тұрған.

Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәншүк Алматы медициналық институтында оқып жүрді.

1942 ж. тамызда ол өз еркімен Қызыл Армия қатарына алынып, 21-нші атқыштар дивизиясының құрамында ұрысқа қатысты.

Аға сержант, пулеметші Мәншүк ұрыстарда өзінің мергендігімен және тобында батылдығымен көзге түсті. Невель қаласы үшін болған кескілескен шешуші ұрыста Мәншүк ақтық демі біткенше пулеметтен оқ боратып, қаһармандықпен қаза тапты.

Павлодар облысының колхозшылары Батыр қыздың құрметіне Мәншүк атындағы танк колоннасын құруға қаражат жинады. Туған жерінде оған ескерткіш орнатылған, Невель, Алматы, Орал, т.б. қалаларда Мәншүк атында көшелер бар. Республиканың ондаған мектептері, Қызылорда қыздар педагогикалық училищесі Мәншүк есімімен аталады. Қаһарман қыздың өмірі мен өшпес ерлігі жайлы «Мәншүк туралы жыр» (авторы — А. Михалков-Кончаловский, режиссері М. Бегалин) көркем фильм түсірілді

bottom of page